Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде белгілі ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қажи Нұрсұлтанов атындағы математикадан VII облыстық олимпиада өтті.
Абай облысының білім мекемелерінің 5-6 сынып оқушылары қатысқан дәстүрлі білім бәйгесі биыл жетінші мәрте ұйымдастырылды. Олимпиаданың бірінші мектепшілік кезеңінде облысымыздың 175 мектебінен 2 182 оқушы қатысып, аудандық кезеңге 335 оқушы жолдама алған. Мектепшілік, аудандық кезеңнен сүрінбей өткен мыңнан жүйрік 107 оқушы дәл бүгін облыс деңгейде өз білімдерін сынады.
Білім додасының мақсаты – оқушылардың математикалық қабілеттерін анықтау, дарынды балаларды қолдап, олардың зияткерлік әлеуетін дамыту, ғылыми-танымдық қабілеттерін шыңдау, сондай-ақ болашақта халықаралық білім додаларында ел намысын қорғайтын үздік оқушыларды даярлау.